Польша азаматы алдағы сайлауға өз кандидатурасын ұсынбақ.
Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына Польша азаматшасы Балли Мажец Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде сайлауға түсу ниетін білдіріп, бірнеше рет жүгінуде.
ҚР ОСК хабарлағандай, әйелге Республика Президенттігіне кандидатқа Конституциямен және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңмен қойылатын талаптар бөлігі бойынша қолданыстағы заңнама нормаларына түсініктеме берілді.
«Орталық сайлау комиссиясы Республика Конституциясының 41-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын және жоғары білімі бар Республика азаматы сайлана алатынын хабарлайды», — деп хабарлады ОСК баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 54-бабының 1-тармағына сәйкес, Президент болып сайлану үшiн мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жылды құрайтын жұмыс тәжірибесі болуға, сондай-ақ белсендi сайлау құқығына ие болуға тиiс екенін хабарлайды.