Пойыздан секірген екі бала ауруханаға жатқызылды

Жамбыл облысында пойыздан секірген екі бала ауруханаға жатқызылды.

«29 тамыз күні кешкі сағат 22:40-та көлік полицейлеріне Жамбыл облысының тұрғыны 53 жастағы шопаннан хабарлама келіп түсті. Ер адам «Тамды-Талас» аралығында, жүк пойызының вагонында кәмелетке толмаған екі баланы байқағанын хабарлады. Хабарламаны алған полицейлер дереу іздеуге кірісті. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері 40 минут ішінде Білекөл ауылының маңынан 9 жасар баланы, ал 7 жасар інісін Жұма станциясы маңындағы темір жол жанынан тапты. Балалар Талас ауданының Орталық ауруханасына жатқызылды», — деп хабарлайды көліктегі полиция. Тексеріс барысында кәмелетке толмаған балалар Қаратау ауылында анасымен бірге тұратыны анықталды. 29 тамызда олар Жамбыл облысы Тамды ауылындағы әжесіне қонақта болған. Қараусыз қалған балалар көрші ауылда тұратын әкесіне баруға ұйғарған. Олардың ата-анасы ажырасып кеткен. Балалар Тамды станциясында тоқтап тұрған жүк пойызының соңғы вагонына шыққан. Жолда жүк пойызы жылдамдықты ала бергенде балалар қорқып, Жұма станциясының маңына секірді. Аталған факті бойынша полицейлер «Теміржол қозғалысы қауіпсіздігі ережелерін бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Добавить комментарий