Пентагон басшысы Ллойд Остин Латвияға сапармен келді. Ол ел билігімен Украинаға әскери қолдау көрсету мәселесін талқылау үшін ұшып келді.
«Латвия, Ригаға ұшып келдім. Мен аймақтағы қауіпсіздік пен Украинаны қолдауды жалғастырудың маңыздылығын талқылау үшін Латвия үкіметінің жоғары басшылығымен кездесуді асыға күтемін», — деп жазды Остин Twitter-дегі парақшасында.
АҚШ қорғаныс министрлігі 8 тамызда Украинаға бір миллиард доллар көлемінде кезекті әскери көмек пакетін бөлетінін жариялады.
Әскери көмектің жаңа пакетіне HIMARS-қа арналған қосымша оқ-дәрілер, 155 мм артиллерияға арналған снарядтар, 120 мм миномет жүйелері мен оның снарядтары, 1000 дана Javelin және жүздеген танкіге қарсы АТ4 жүйелері, 50 ЖӘК кіреді.
1 тамызда Пентагон Украинаға 550 миллион доллар сомасында әскери көмектің жаңа пакеті, оның ішінде жоғары мобильді зымыран-артиллериялық жүйелерге арналған қосымша оқ-дәрілер (HIMARS) беретінін жариялады.