Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ван Вэньбинь АҚШ президентінің қытайлық компанияларға инвестиция салуға тыйым салған жарлығына наразылық білдіріп, Бейжіңнің өз кәсіпорындарының заңды құқықтары мен мүдделерін батыл қорғайтынын мәлімдеді.
Қытай АҚШ-ты ҚХР компанияларына қысым көрсетуді тоқтатуға шақырады және өз кәсіпорындарының заңды құқықтары мен мүдделерін батыл қорғайтын болады. ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ван Вэньбинь жұма күні АҚШ президенті Дональд Трамптың Вашингтонның пікірінше, Қытай Қарулы Күштерімен байланысты бірқатар қытайлық компанияларға АҚШ инвестицияларына тыйым салу туралы жарлыққа қол қоюына қатысты түсінік берді.
«Біз АҚШ-ты қате әрекеттерді тоқтатуға, ұлттық қауіпсіздік сылтауымен қытайлық компанияларға қысым жасауды тоқтатуға шақырамыз. Біз қытайлық компаниялардың заңды құқықтары мен мүдделерін батыл қорғайтын боламыз», — деді ол брифингте.
Дипломаттың айтуынша, АҚШ үкіметі «қытайлық компанияларға қысым көрсету үшін билікті асыра пайдаланады, бұл нарықтық бәсекелестік қағидаттары мен халықаралық сауда ережелерін елеулі түрде бұзады, екі ел арасындағы іскерлік және инвестициялық ынтымақтастыққа елеулі нұқсан келтіреді». Сондай-ақ, Ван Вэньбинь «бұл қытайлық компаниялардың заңды құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіріп қана қоймай, шетелдік инвесторлардың, оның ішінде АҚШ-тың заңды мүдделеріне нұқсан келтіреді» деп атап өтті.
Бейсенбі күні Трамп Вашингтонның пікірінше, ҚХР Қарулы Күштерімен байланысты бірқатар қытайлық компанияларға АҚШ инвестицияларына тыйым салу туралы жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес, 2021 жылдың 11 қаңтарынан бастап америкалық жеке және заңды тұлғаларға осындай компаниялардың бағалы қағаздарымен кез келген мәміле жасауға тыйым салынады.
Құжатта түсіндірілгендей, Пентагон биыл қытайлық әскери саламен байланысты ұйымдар тізіміне енгізген фирмалар туралы сөз болып отыр. Онда барлығы 31 кәсіпорын кіреді, оның ішінде Huawei бар. Тізбе 1999 жылы АҚШ-та қабылданған заңның талаптарына сәйкес жасалды. Тізімге ену автоматты түрде санкциялар салуға әкеп соқпайды, дегенмен, аталған заңға сәйкес Америка президенті ондағы компанияларға шектеулер қоя алады.