
Бүгін, 2022 жылғы 21 сәуірі күні Павлодардағы мектептердің бірінде өрт шықты. Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі өрт сөндірушілер келгенге дейін ғимараттан 600-ге жуық адам өздігімен эвакуацияланғанын хабарлады.
Торайғыров көшесі, 24 мекенжайындағы төрт қабатты №28 орта мектебінде өрт шықты.
Қызыл жалын ғимараттың екінші қабатынан, шатырға таралып, шамамен 200 шаршы метр аумақты шарпыған.
Өрт сөндіру бөлімшесі келгенге дейін 576 адам эвакуацияланды, оның ішінде 551 оқушы.
Оқиға орнында ТЖД-нің 50 қызметкері жұмыс істеді: 12 техника, апаттық медицина орталығынан 4 қызметкер.
«Қызыл жалын әзірге ауыздықталмады. Өрттің шығуына не себеп болғны және келтірілген шығын анықталып жатыр», — делінген облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Хабарланғандай, өткен жұма күні Павлодар қаласының № 1 орта мектебінде өрт шыққан болатын. Өрт салдарынан бес оқушы зардап шекті, оның үшеуі ауруханаға жатқызылды.