
Павлодар облысының Білім басқармасы 1,2 миллион теңгеге үш кофемашина сатып алмақ болған. Ведомствода түсіндіргендей, Павлодар колледждерінің бірінің студенттерін оқыту үшін кофемашиналар қажет.
Мемлекеттік сатып алу порталының мәліметінше, аралас электр кофе қайнатқыштарын сатып алу туралы хабарландыруды өңірлік Білім басқармасы осы жылдың қараша және желтоқсан айларында берген. Бастапқыда үш кофемашинаға 2,3 миллион теңге жұмсау жоспарланған болатын. Алайда сатып алу өтпеді. Желтоқсанда кезекті байқау жарияланды, бұл жолы лоттың жалпы құны 3,6 миллион теңгеге дейін өсті.
Ресми сауалға жауап ретінде Облыстық білім басқармасы студенттерді сұранысқа ие мамандықтарға оқыту үшін “Жас маман” жобасы аясында Павлодар технологиялық колледжіне кофемашиналары сатып алынып жатқанын хабарлады. Сондай-ақ, белгілі болғандай, дәл осы колледж Worldskills чемпионаттарына қатысушыларды даярланады.
“Worlddskills республикалық чемпионаттарында қатысушылар жан-жақты дағдыларды, оның ішінде кофені дұрыс пісіре білуді көрсетеді. Аталған дағдылар колледж базасында “Тамақтану технологиясы” құзыреттілік орталығында жүргізілетін болады, онда өңірлік және халықаралық чемпионаттарға қатысу үшін бәсекеге қабілетті өңірлік командаларды даярлау қамтылады”, – деп түсіндірді Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнара Қалимжанова.
Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алу порталына өтінім берер алдында оқу орны кофе қайнатқыштардың бағасын зерттеген.
“Колледж баға мониторингін жүргізді, жеткізушілердің коммерциялық ұсыныстары зерттелді, соның негізінде кофемашиналардың құны анықталды. Мемлекеттік сатып алулар қорытындысы бойынша шарт жасалды, жабдықтарды жеткізу мерзімі – 15 күнтізбелік күн, яғни 2020 жылдың 30 желтоқсанына дейін”, – деп атап өтті Қалимжанова.
Мемлекеттік сатып алу порталының ақпараты бойынша, нәтижесінде электр кофе қайнатқыштардың жеткізу байқауын алматылық фирма жеңіп алып, бір данасына 687 мың теңге ұсынды.
Айта кетейік, жаңа кофе қайнатқыштар қойылатын колледжде негізінен техник-мамандар мен бухгалтерлер даярланады. Онда барист мамандығы оқытылмайды.