Павлодар: Ресейліктерді қорлаған блогер тұтқындалды

Павлодардың әкімшілік соты ресейліктер үшін ұйымдастырылған шараға рұқсатсыз кірмек болған блогер Диас Кузаировқа қатысты қаулы шығарды. Ол арандатушылық сұрақтар қойып, балағаттаған.

Сот қаулысымен Диас Кузаиров ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы, 1-бөлігінде («Ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда әдепсіз сөздер айту, жеке тұлғаларды қорлау») көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол бес тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сот анықтағандай, Кузаиров 27 қыркүйекте сағат 13:00 шамасында Павлодарда Сәтбаев 290 мекенжайындағы мейрамхананың жанында қоғамдық орында болған. Ол Ресейден келуіне байланысты кешкі асқа шақырылған мекеме қонақтарын балағаттаған.

Сонымен бірге оларға саяси сипаттағы арандатушылық сұрақтар қойып, теріс баға берді. Іс-шараға бастамашы болған Г.Н.Даримоваға қатысты жанжалды жағдай туғызып, YouTube арнасында адамдардың шектеусіз тобына арналған жазбаны түсіріп, трансляциялау арқылы қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзып, ұсақ бұзақылық жасаған, — делінген сот қаулысында.

Блогер Құзаиров өз кінәсін мойындамады. Ол ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін елден кеткен ресейліктерге дастархан жайылып жатқанын әлеуметтік желі арқылы біліп, олардан сұхбат алуға келген. Блогердің айтуынша, ол ешкімді балағаттап, ұсақ бұзақылық жасамаған.

Кешкі асты ұйымдастырушы Даримованың айтуынша, блогер мейрамханаға келген. Ол жерде Кузаиров қонақтарды арандатушылық сұрақтармен мазалап, «олар үйлеріне қайтуы керек» деп айқайлап, мейрамханаға кіргізгісі келмеген.

Даримованың нұсқасын Павлодар қаласы Орталық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Түсіпжанов қолдады.

Кузаиров Д.К және оның қорғаушысы – адвокат Какимова А.С айтқан оның кінәсінің жоқтығы туралы дәлелдерін сот негізсіз деп санайды. Өйткені олар іс материалдарымен жоққа шығарылады, — делінген құжатта.

Сот әкімшілік қамаққа алу мерзімін 3 қазанда сағат 18:16-дан бастап есептеу туралы шешім қабылдады. Осылайша Диас Құзаиров 8 қазан күні кешке әкімшілік қамауға алынғандарды қабылдау бөлмесінен шыға алады.

Бұған дейін Қазақстанның Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов ресейліктер қандай жағдайда елден шығарылуы мүмкін екенін айтқан еді. Ол Ресей азаматтарын экстрадициялау тәртібі заңмен реттелетінін атап өтті.

Добавить комментарий