Павлодар облысы: митингке қатысқандардың басым бөлігі — ауыл жастары

Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров наразылық білдірушілердің басым бөлігі ауыл жастары болғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, барлығы 1282 адам ұсталды, 435 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 324 адам 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынды.

Наразылық шарасына қатысқандардың басым бөлігі ауыл жастары болды, оның 200-і қалада тұрады, дегенмен олар ауылдан келген. 29 жасқа дейін 207 адам болды. Негізінен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер десе болады. Шерушілердің арасында мемлекеттік органдардың қызметкерлері болған жоқ, — Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Сонымен қатар, тәртіпсіздікке белсене қатысқан жекелеген азаматтарға қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 255-бабы, 4-тармағы және 179-бабы, 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Аталған істер бойынша үш адам анықталды, олар сотпен қамауға алынды. Қазіргі уақытта қылмыстық істер жөніндегі ведомствоаралық топ істің мән-жайын толық және жан-жақты тергеуді қамтамасыз етуге бағытталған жедел-тергеу әрекеттерін жүргізуде, — Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Бұған дейін Бас прокуратура Қазақстанда қаңтардағы оқиғаларға байланысты тергеу-жедел топтарының өндірісінде 2750 қылмыстық іс бар екенін хабарлаған.

Добавить комментарий