Жол апатының алдын алу, өңірдегі жолдарда жарақаттану мен өлім-жітім деңгейін төмендету мақсатында полиция департаменті пайдаланымдағы жолдарды, оның ішінде республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарға үнемі тексеру жүргізеді, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
- Павлодар облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 5441,1 км құрайды. Жыл басынан бері жалпыға ортақ пайдаланымдағы автожолдарға 890 тексеру жүргіздік, оның барысында 2027 талапқа сай емес ақау анықталды. Сауалнама нәтижелері бойынша кемшіліктерді жоюға 895 бұйрық шығарылды. 140 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 21-і ауыл және ауылдық округ әкімдері жазаланды, – деді полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұржан Таңатаров.
Полицияның хабарлауынша, 18 әкім ҚР ӘҚБтК-нің 630, 631 және 632-баптары бойынша жолдарды қанағаттанарлықсыз ұстағаны үшін, тағы үшеуі ҚР ӘҚБтК-нің 420-бабы бойынша бұйрықты орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылғанын айтты. Барлық тәртіп бұзушыларға жалпы сомасы 4 млн теңгеден асатын айыппұл салынды.
Сонымен қатар, полицейлер 92 теміржол өтпесін тексеріп, қажетті жол белгілерінің болмауы, жарықтандырмау және төсемнің қанағаттанарлықсыз жағдайы сияқты кемшіліктерді анықтады.