Павлодар облысының әкімі үйлерде жылудың болмауына байланысты ТЖ-ға кінәлілердің барлығы жазаланатынын мәлімдеді.
Облыс басшысы Асайын Байханов Екібастұзды жылумен қамтамасыз етуге жауапты шенеуніктерді қатаң сынға алды.
«Ел Президенті Бас прокуратураның ресми комиссиясында ТЖ-ға мұқият тексеру жүргізуді тапсырды. Жергілікті атқарушы органдар бұл комиссияға қатыспайды. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдармен қажетті жұмыстарды жүргізу, лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту тапсырылды. Осыған байланысты облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Салханов мырзаға тәртіптік жаза жарияланды», — деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, ол қала әкімі Аян Бейсекиннен Екібастұз қаласының лауазымды тұлғаларын жауапқа тарту жөнінде ұсыныстар күтетінін айтты.
«Жақын арада облыста осы жұмысқа жауапты басқа да тұлғаларға қатысты шешім қабылдаймын», — деп түйіндеді Асайын Байханов.
Екібастұздағы жедел штаб отырысында бірнеше мәселе, оның ішінде ЖЭО жұмыстары, жылу желілерін жөндеу, тұрғындармен, зардап шеккен үйлердің тұрғындарымен жұмыс, оқушылардың қысқы демалыста балалар лагерьлерінде демалуы жөнінде мәселелер қаралды.