Павлодар: Кафе иесі мен қонақтары полициядан жасырынған

Полиция қызметкерлері жүргізген кезекті рейд барысында карантиндік ережелерді бұза отырып, үйлену тойы өткізілген дәмхананың иесі қонақтармен бірге полиция қызметкерлерін кіргізбей, ішінен бекітіп отырды. Бірнеше сағат бойы ішкі істер органдарының қызметкерлері ғимараттың ішіне кіре алмады.

«Полиция қызметкерлерінің қатысуымен мониторинг тобы жанұялық салтанат өткізілген Жайау-Мұса көшесіндегі дәмханалардың бірінде карантинді бұзу фактісін анықтады. Үйлену тойының өткізілуін жасыруға тырысқан мекеме иесі бірнеше сағат бойы кафенің есігін ашпады «, — деді жергілікті полиция қызметінің бастығы Арман Қаптаев.

«Аталмыш дәмхана осыған дейін ұқсас құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бірақ иесі сабақ алмаған сияқты. Жиналған материал ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Павлодар қаласының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді («Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу») «, — деп атап өтті өңірдің ЖПД баспасөз қызметі.

Баптың санкциясы жеке тұлғаларға — 30, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға — 230, орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 310, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 1600 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды көздейді.

Айта кетейік, мұндай тәртіп бұзушылықты тексерушілер Батурин көшесіндегі мейрамханалардың бірінде де анықтаған. Аталған факті бойынша жасалған материал тиісті шаралар қабылдау үшін Павлодар қаласының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді.

 

Добавить комментарий