Павлодар: депутат 15 тәулікке қамауға алынды

Депутат медициналық тексеруден өтуге бас тартқандықтан, сот шешімімен 15 тәулікке қамауға алынды.

Сот шешімімен ер адам 15 тәулікке қамауға алынып, сегіз жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырды

Әңгіме Павлодар облыстық мәслихатының депутаты, Nur Otan партиясының мүшесі Қайрат Әбішев туралы болып отыр.

Ол 25 мамыр күні таңғы сағат 05:00 шамасында техникалық тексеруден өтпеген Toyota Camry маркалы көлігін тізгіндеп келе жатқанда ұсталды. Бұл Павлодар қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысында айтылған.

Оның үстіне ер адам өзін басқа есіммен таныстырған. Жүргізушіден ішімдіктің иісі шығып тұрған.

Ұсталған адам наркологиялық диспансерге медициналық тексеруге жіберілді. Алайда ол сараптамадан өтуден үзілді-кесілді бас тартты.

Полицейлер құқықбұзушыға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 613-бабының 4-бөлігі (Ішкі істер органдары қызметкерінің белгіленген тәртіпке сәйкес алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өту туралы заңды талабын орындамау) бойынша әкімшілік хаттама толтырып, материалдарды сотқа жолдады.

Сот отырысында Әбішев өзінің кінәсін мойындамай, ішімдіктің иісі шығуын емдеу үшін құрамында спирті бар тұнбаны қолданумен түсіндірдіі. Оның айтуынша, ол өзін нашар сезінгеніне және диареяға байланысты тексеруден бас тартқан.

Алайда сотта оның айғақтары расталмады.

Сот қаулысына сәйкес Қайрат Әбішев Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 613-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды, ол 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, сегіз жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыру түрінде әкімшілік жаза тағайындалды.

Павлодар облыстық мәслихатының сайтында шаруа қожалығының 42 жастағы директоры Әбішев VII шақырылымның депутаты деп көрсетілген. Облыстық мәслихаттың хатшысы Ернұр Айткенов депутатқа қатысты шара қолдану туралы ресми хабарлама түспегенін, сондықтан ол бұл фактіге түсініктеме бере алмайтынын айтты.

Добавить комментарий