Ірі көлемде пара алғаны үшін сотталған судьяның шағымын қанағаттандырмады. Сот үкімі өзгермеді.
«Он мың еуро және үш миллион теңге» көлемінде пара алғаны үшін тоғыз жылға сотталған Қарағанды облысының ауданаралық экономикалық сотының судьясы Ержан Ғабдуллинге шыққан үкімі өзгеріссіз қалдырылды. Оның адвокатына қатысты сот алқасы қоғамдық резонанс туғызғаны үшін жеке қаулы шығарды. 27 қазан күні кешке Қарағанды қаласында судьяның апелляциялық шағымын қараған сот алқасының қаулысы жарияланды.
Судья Ғабдуллин биылғы жылдың ақпан айынан бері қамауда отыр. Оның адвокаты сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде жіберілген заңсыздықтар орын алғанын айтқан. Апелляциялық шағымды қараған кезде қорғау тарабы судьяны ауыстыру туралы өтініш айтты.
Айыпталушылар қатарында «Оливия» компаниясының заңгері Елена Кантер-Скрипкина, ол үш жылға бас бостандығынан айырылды. Ол ақшаны судьяға бергенін мойындап, айыптау үкімімен дауласпады.
Айыптау тарабының айтуынша, заңгер Кантер-Скрипкина судья Ғабдуллиннен сотта өзі қорғап отырған компанияның мүддесіне тиімді шешім шығаруды сұрап, Қарағандыда жалға берілетін тұрғын үй құрылысы бойынша мемлекеттік сатып алу байқауының қорытындыларына дауласпақ болған. Басқа судья қараған азаматтық іс бойынша «Оливия» ЖШС пайдасына шешім шығаруға жәрдемдесуге уәде берген Ғабдуллин он мың еуро және үш миллион теңге пара алған. Кантер-Скрипкина айыпты мойындап, жасаған әрекетіне өкініп, жазасын жеңілдетуді сұрады. Ал Ғабдуллин тағылған айыптармен келіспей, ұзақ уақыттан бері білетін танысы Кантер-Скрипкинадан «құтылу үшін» ақшаны алуға мәжбүр болғанын айтқан. Ғабдуллиннің сөзінше, ол кейін ақшаны қайтаруға оқталған.
Нәтижесінде сот Ержан Ғабдуллинді «алаяқтық» және «пара беруге итермелеу», ал заңгер Кантер-Скрипкинді «пара беруге оқталды» деген айыппен кінәлі деп таныды. Судьяның пәтеріндегі тінту барысында тәркіленген он мың еуро мен үш миллион теңге мемлекет кірісіне алынды.