Оппозициялық «Әділдік үшін қозғалыс» (ӘДҚ ) партиясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Пәкістанның бұрынғы сыртқы істер министрі және партия төрағасының орынбасары Шах Мехмет Куреши бейсенбі күні елде үшінші күн қатарынан өтіп жатқан наразылықтарды ұйымдастырды деген айыппен қамауға алынды.
Исламабад полициясы Шах Мехмет Курешиді Исламабадтағы Гилгит-Балтистан аймағындағы өкілдігінде тұтқындады.
Бұған дейін Geo-TV телеарнасы Курешидің қоғамдық тәртіпті сақтау туралы жарғыны бұзғаны үшін 15 тәулікке ұсталғанын хабарлаған болатын. Алайда саясаткер бұл ақпаратты Twitter-де жоққа шығарып, ел билігі «ӘДҚ мен оның жақтастарының рухын сындыруға тырысып, хаос, үрей мен террор туғызу» мақсатында дезинформация науқаны жүргізіліп жатқанын ескертті.
Сәрсенбі күні ӘДҚ бас хатшысы Асад Умар мен партияның жоғары лауазымды қайраткері Фавад Чоудри де ұсталды. Екі саясаткер де ӘДҚ басшылығының мүшелері болған. Geo-TV хабарлауынша, оларды заң мен тәртіптің сақталуына кепілдік беру мақсатында ұсталды.