Қостанай облысының ТЖД кеше, 16 қыркүйекте Қостанай қаласындағы жеке меншік үйде болған жарылыс туралы хабарлады.
Қостанай қаласы, Бородин көшесінде орын алған оқиға туралы хабарлама сағат 17:12-де «101» пультіне келіп түсті. Шақырту орнына ТЖД Өрт сөндіру қызметінің жеке құрамынан 9 адамнан тұратын өрт сөндіру жасағының екі экипажы дереу жіберілді. Оқиға орнына келген бойда жеке тұрғын үй аумағында, көлікжайдың жертөлесінде газ-ауа қоспасының жарылғаны анықталды.
«Көлікжайдың жертөлесінен құтқарушылар зардап шеккендердің бірін ес-түссіз күйде алып шығып, жедел жәрдем қызметіне тапсырды. Басқа зардап шегушіге куәгерлер көмек көрсетті», — деп хабарлады Қостанай облысының ТЖД.
Өрт сөндірушілер жарылыс пен артынан шыққан өрттің ықтимал себептері айтты
Алдын ала мәліметтер бойынша, жертөледе қабырғаларды «Polynor» құрылыс көбігімен жылыту бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілгені анықталды. Құрылыс көбігін пайдалану кезінде өрт қауіпті, газ-ауа қоспасының жоғары концентрациясы пайда болып, бұл кейіннен жарылысқа әкелді.
Ведомствода атап өткендей, құрылысшылар қолданған бұл полиуретанды оқшаулау құрамында дифелнилметандиизоцианат бар, ол жабық бөлмеде және от көзінде жоғары концентрацияға жеткенде жарылыс қаупі бар қасиеттерге ие.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін материалдар Қостанай қаласының полиция басқармасына жолданды. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін куәгерлер Қостанайдағы жеке тұрғын үйде жойқын жарылыс болғанын хабарлаған болатын.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан хабарлауынша, оқиға орнынан зардап шеккен үш адам ауруханаға жеткізілді. Олардың екеуі жансақтау бөлімінде жатып, үшінші ер адам ауруханаға жатудан бас тартты.