Қостанай: Қызыл жалын бес қабатты тұрғын үйдің екі қабатын бірден қамтыды

Көпқабатты үйлердің бірінде шыққан өрт тұрғын үйдің екі қабатын бірден қамтыды

Бұл туралы Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) баспасөз қызметі хабарлады.

«2022 жылдың 13 маусымы күні сағат түнгі 03:33-те «101» пультіне Қобыланды батыр даңғылы бойындағы 5 қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Қостанайдың 1-МӨСБ келген өрт сөндірушілер үйдің екінші кіреберісінен қатты түтінді анықтады. Тұрғындар қауіпті аймақта болды. 2-қабаттағы пәтер мен қылтима (балкон) ашық жалынмен жанып жатты. Өрт 2-ші және 3-ші қабаттардағы іргелес қылтималарға (балкондарға) таралды. Өрт аумағы шамамен 24 шаршы метрді құрады», — деп хабарлады дүйсенбі күні ТЖД.

Өртті сөндіру, қалыпты тыныс алуға жарамсыз жағдайларда азаматтарды құтқару және эвакуациялау үшін жұмысқа құрамында 6 адам бар газ-түтіннен қорғау қызметінің екі буыны бірден қосылды.

«ТЖД күшімен баспалдақпен 46 адам, оның ішінде 12 бала эвакуацияланды. 8 адам құтқарылды, оның ішінде 3-еуі бала. Оларды өрт сөндірушілер автосатының көмегімен жерге түсірді. Өртті сөндіруге Қостанайдың үш өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамынан 19 адам және 5 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Сағат 04:07-де өрт ауыздықталып, кейін сағат 04:14-те өрт толығымен сөндірілді», — деп нақтылады өрт сөндірушілер.

Добавить комментарий