Қостанай облысы полиция департаментінің хабарлауынша, өңірде 12-15 сәуір аралығында жол-техникалық инспекция қызметкерлері мен жергілікті полиция қызметкерлері жолдарға ауқымды тексеру жұмыстарын жүргізді. Көптеген бұзушылықтар анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша жолдарды күтіп ұстамағаны үшін 6 шенеунік, ауыл әкімі және мердігерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тексеру барысында өңірдің 138-ден астам жол қаралды. Бұл 4000 шақырымнан асады.
«Тексеру кезінде жол төсемінің 1 210 ақауы: люк қақпағының 103 ақауы және екі мыңнан астам жол қозғалысын реттеуге арналған техникалық құралдырдың олқылықтары анықталды.», — деп хабарлады Қостанай облысы ПД баспасөз қызметі.
Нәтижесінде полиция әкімдіктер мен автожол иелеріне 138 ұйғарым шығарыды.
«Жолдарды күтіп ұстамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабының 1-бөлігі «Жолдарда жұмыстар жүргізу, жолдарды, темiржол өтпелерiн және басқа да жол құрылысжайларын күтiп-ұстау жөніндегі талаптарды орындамау» бойынша алты лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — делінген хабарламада.
Жолдардағы мыңдаған ақау үшін ауыл әкіміне айыппұл салынды.
Онымен бірге халықты сапалы жолмен қамтамасыз ету керек болған мердігерлерде жазалады.
Жауапкершілікке тартылғандардың ішінде ауыл әкімі мен мердігерлер бар. Оларға 10-15 АЕК көлемінде айыппұл салынады, ал егер олардың арасында ірі бизнестің меншік иелері болса оларға — 30 АЕК (1 АЕК = 2 917 теңге).
«Жол қозғалысы қауіпсіздігі және жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жергілікті атқарушы органдарға (әкімдіктер — ред.) жол қозғалысын ұйымдастыруды жақсарту бойынша ұсыныстары бар 25 ақпараттық хат жолданды», — делінген ПД ақпаратында.
Полицейлер бұл бағытта жұмысты жалғастыратынын сендірді.
Естеріңізге сала кетейік, 20 сәуірде Қазақстанда түрлі өңірлердегі жол сапасы нашар болғаны үшін бірнеше жоғары лауазымды шенеунік қызметінен босатылған болатын. Бұдан бір күн бұрын ІІМ елде жолда қаза тапқандар саны артып келе жатқанын хабарлаған.
Бұған дейін ИДМ 2025 жылға қарай Қазақстандағы барлық жолдардың сапасы жақсы болатынын мәлімдеген болатын.