ОСК-да жаңа депутат сайланды

Асылбек Смағұловты Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының мүшесі етіп сайлағаны белгілі болды.

«Конституцияның 57 және 58 баптарына сәйкес Парламент палаталарының әрқайсысы ОСК-ның екі мүшесін қызметке тағайындайды. Олардың кандидатураларын палата төрағасы ұсынады. Осыған байланысты ОСК мүшелігіне әріптесіміз Асылбек Смағұловтың кандидатурасын ұсынамын. Бәріңіз де Асылбек Смағұловты жақсы білесіз. Бірнеше жыл бойы біз бірге жұмыс істедік, ол елге қажетті заңдарды қабылдауға үлкен үлес қосты, сондай-ақ ол заңгерлер арасында танымал. Білікті, тәжірибелі маман. Сондықтан мен оның кандидатурасын ұсынамын», — деді палата спикері Нұрлан Нығматулин пленарлық отырыста.

Асылбек Смағұлов Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі болып жұмыс істеді.

Асылбек Айжарықұлы Смағұлов 1970 жылы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Нұра кеңшарында дүниеге келген. Заң ғылымдарының докторы, профессор.

Еңбек жолын 1987 жылы жұмысшы болып бастаған. 1988 жылдан 1990 жылға дейін КСРО Қарулы Күштерінде қызмет етті. Құқық қорғау органдарындағы қызметін 1991 жылы Ақтөбе қаласы жанындағы ПОҚ ҰБ милиционері қызметінен бастады.

1991-1992 жылдары — КСРО ІІМ Свердлов жоғары мектебінің тыңдаушысы.

1992-1995 жылдары — ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің тыңдаушысы, мектепті үздік бітірген.

1995 жылдан 2000 жылға дейін — Қазақстан Республикасы ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің оқытушысы, адъюнкті, аға оқытушысы.

2000 жылдан 2012 жылға дейін — доцент, қылмыстық құқық және криминология кафедрасының бастығы, Академия бастығының ғылыми-зерттеу жұмысы жөніндегі орынбасары, Қазақстан Республикасы Қаржы полициясы академиясының оқу-әдістемелік жұмысын ұйымдастыру жөніндегі Академия бастығының орынбасары.

2012 жылдан 2016 жылға дейін «Заңнама институты» ММ директоры болды.

2016 жылдың 24 наурызынан бастап Nur Otan партиясынан VI шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

Партия жанындағы құқықтық кеңестің, Журналистер одағының, Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институты жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды ғылыми және оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді үйлестіру жөніндегі пәнаралық кеңестің мүшесі болып табылады.

Әр түрлі басылымдарда жарияланған 100-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде екі оқулықтың (бірлескен авторлықта), 10-нан астам оқу құралдары мен монографиялардың авторы. Үйленген, екі баласы бар.

Добавить комментарий