Орталық сайлау комиссиясы алдағы сайлаудың кейбір аспектілерін түсіндірді

Орталық сайлау комиссиясы азамат тұрғылықты жері бойынша дауыс бере алмаған жағдайда қалай дауыс берсе болатынын хабарлады

Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) Қазақстан азаматтарына: «2023 жылғы 19 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлау өтеді. Сайлауға қатысуға конституциялық құқықты іске асырудың кепілі Сіздің сайлаушылар тізіміне енгізілуіңіз болып табылады. Тізімдерді дауыс беруге арналған нақты учаскенің аумағында тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеу негізінде жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) жасайды. Тұрақты тіркеуі жоқ азаматтар тізімдерге олардың орналасқан жері бойынша әкімдіктерге берген өтінішінің негізінде енгізіледі», — делінген сейсенбі күні ОСК өтінішінде.

Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, дауыс беру күні өзінің тіркелген жері бойынша сайлау учаскесіне келе алмайтын әрбір азамат дауыс беру күніне отыз күн қалғанда, яғни 2023 жылғы 17 ақпанынан кешіктірмей тиісті әкімдікке өтініш беріп, өзінің нақты орналасқан жері бойынша сайлау учаскесінде тіркелуге құқылы.

«Өтініш түскен кезде әкімдік азаматты тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен шығаруды және оны дауыс беретін учаскенің тізіміне енгізуді ұйымдастырады», — делінген хабарламада.

Осы құқықты:

  • дауыс беру күні тіркелген жері бойынша болмайтынын білетін азаматтар;

  • басқа қаладан келген, арнаулы жоғары және орта оқу орындарында оқитын, жатақханалардан тыс тұратын студенттер;

  • вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар пайдалана алады.

«Азамат, біртұтас жалпыұлттық сайлау округін, сонымен қатар бірмандаттық аумақтық сайлау округтерін ескере отырып, сайлаушылардың бір ғана тізіміне енгізіле алады. Сайлаушылар тізіміне тіркелген жеріңіз бойынша енгізілгеніңізді тиісті әкімдіктің сайты немесе Call-орталығы арқылы тексеруге болады. 2023 жылғы 4 наурыздан бастап Сізге өз учаскеңіздегі сайлаушылар тізіміндегі деректеріңізді тексеру мүмкіндігі берілетін болады. Құрметті сайлаушылар! Сіздерді құқықтық сауаттылық танытып, өзіңіздің сайлауға қатысуға конституциялық құқығыңызды іске асыруға шақырамыз! Өзіңізді сайлаушылар тізіміне енгізу үшін қажетті заңдық маңызы бар әрекеттерді уақтылы қабылдаңыз! Әркімнің дауысы маңызды!»- деп қосты Ортсайлауком.

Добавить комментарий