Орман шаруашылығы инспекциясы бөлімінің басшысы қайтыс болды

БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің басшысын қорық аумағында аң аулау кезінде абайсызда қолданған қарудан қайтыс болды.

Бұл жайт туралы бірінші болып блогер Сәкен Ділдахмет хабарлады. Әуел баста ол Facebook-тегі парақшасында бөлім басшысын браконьерлер атып өлтіргенін жазған, артынша жазбаны өзгертті.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қайғылы оқиға бүгін, 14 желтоқсан күні Теректі ауданы Ақжайық ауылынан 15 шақырым жерде, Бударинск қорығында орын алған.

«Сағат 07:30-да 1977, 1977 және 1976 жылы туған үш ер адам аң аулауға шыққан. Қаруды оқтау кезінде 1977 жылы туған ер адам абайсызда оқ атып жіберген, оқ 1977 жылы туған басқа ер адамға тиген. Содан кейін олар зардап шеккен азаматты Ақжайық ауылының ОАБ-ға жеткізген», — деп хабарлады полициядағылар.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 104-бабы — «Абайсызда қазаға ұшырату» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Қайғылы оқиғаға қатысты ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі түсінік берді, алайда ведомствоның хабарламасында аумақтық орман шаруашылығы инспекциясы бөлімінің басшысын абайсызда басқа адам атып өлтіргені туралы ақпарат болмады.

«Сағат 09:30-да Теректі ауданы Ақжайық ауылында 10-12 шақырым қашықтықта 1977 жылы туған БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің басшысы Серік Мәженов абайсызда қолданған қарудан көз жұмды», — деп хабарлады министрліктегілер.

Добавить комментарий