Орман өрттері: Абай облысында қызыл жалынмен үшінші тәулік қатарынан арпалысуда

Абай облысында өрт сөндірушілер үшінші тәулік қатарынан қызыл жалынмен арпалысуда. 22 мамырда Алтай өлкесінің аумағында құрғақ шөп жанып, жалын еліміздің аумағына шарпыған. Орман өртін сөндіру үшін барлық ресурстар мен күштер жұмылдырылды.

24 мамыр күні сағат 15:00-де Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі өрт сөндіруге 434 адам мен 100-ден астам өрт сөндіру техникасы жұмылдырылғанын мәлімдеді. Соңғы тәулікте ҚР Қорғаныс министрлігі мен «Қазавиақұтқару», «Қазорманқорғау» компанияларының төрт тікұшағы 277,5 тонна су шашты. Аэровизуалды бақылау үшін «Қазавиақұтқару» компаниясының ЕС-145 (Еурокоптер) тікұшағы тартылды.

Қатты соққан желдің кесірінен өрт тез таралып, жалпы өрт алаңы 3 000 гектарға жетті. Ормандағы батпақты жерлер өрт сөндірушілердің жұмысын қиындатуда. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ және ешкім де зардап шеккен жоқ.
Өрт орнына төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков келді. Ол Абай облысының басшысы Нұрлан Уранхаевпен бірге аэровизуалды барлау жүргізді.

«Бізге Астана, Павлодар және Қарағанды облыстарынан көмек ретінде ТЖМ күштері жіберілді. Олардың саны шамамен 130 адам, сондай-ақ өртке қарсы 26 техника келді. Сонымен қатар, біз Қорғаныс министрлігінің қосымша ресурстары тартылатынына үміттіміз, атап айтқанда жеңіл техника мен бульдозерлер береді», — деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Добавить комментарий