Оралда кәсіпкерді өлтірген күдіктілерді іздеуге әскерилер жұмылдырылды

Оралда жергілікті кәсіпкер Еркін Мұханғалиевті өлтірген күдіктілерді іздеуге Ұлттық ұлан жұмылдырылды.

Белгілі болғандай, қылмыскерлерді ұстауға Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінің (ішкі әскерлер) әскери қызметшілері қосылды. Қазіргі уақытта қалаға кіру және шығу жолдарын полицейлер тексеріп, күдіктілердің болуы мүмкін барлық орындар пысықталып жатыр. Іздеу жұмыстары бір тәулік бойы жүргізілуде.

«Барлық жеке құрам мен оған бекітілген күштер іздеу жұмыстарына бағытталды. Егер сізде күдіктілердің ықтимал немесе нақты орналасқан жері туралы ақпарат болса, 102 пультіне немесе 98-45-30 телефон нөміріне хабарласуыңызды сұраймыз. Анонимділікке кепілдік беріледі», — деп хабарлады полиция.

Еске салайық, кәсіпкер Еркін Мұханғалиевті 6 тамыз күні кешке сағат 20: 00-де аяусыз өлтірген. Оның денесі Атоян атындағы стадионның тұрағынан табылды. Белгілі болғандай, кәсіпкерге дәмханада отырғанда шабуыл жасалған. Қанды қылмыс бейнебақылау камерасына түсіп қалған, Мұханғалиев пен екі ер адам дастархан басында отырған. Бір кезде жанжал туындап, олардың бірі кәсіпкерді пышақтады. Мұханғалиев қылмыскерлерден қашпақ болған, бірақ олар оны қуып жетіп, көшеде өлтірген.

Күдіктілердің жеке басы бірден анықталды. Полицейлер қылмыс орнынан қашып кеткен 31 жастағы Руслан Қожантаев пен 21 жастағы Тұрлан Амангелдінің түр-әлпетін жариялады.

Добавить комментарий