Ержігіт Хайрашев кәмелетке толмаған жеті баласымен жалғыз қалды.
Ержігіттің әйелі Гаухар Хайрашева 1 тамызда дүниеден өтті. Бұған дейін 4 ай бұрын оған соңғы сатыда қатерлі ісік диагнозы қойылған болатын. Отбасы өте қарапайым тұрған, өз үйі немесе пәтері болмады, отағасы әкімдіктен алынған уақытша тұрғын үй үшін несие төлеуге мәжбүр болған.
Хайрашевтар отбасындағы қиын жағдайды естіген қазақстандықтар бір аптаның ішінде жалғызбасты әкеге бес миллион теңге аударып, оған несиені жабуға көмектесті.
Енді көпбалалы отбасы жаңа үйге көшті.
«Нұр-Сұлтан қаласының қайырымдылық қорындағы ер адам телефон шалып, отбасымызға көмек көрсетуді ұсынды. Бір апта өткен соң олар бізге баспана сатып алып берді. Екі қабатты кішкентай үй бізге әкімдіктің уақытша берген үйінің маңында орналасқан. Екінші қабатта балаларға арналған үш кішкентай жатын бөлме, бірінші қабатта ас үй, дәретхана және зал бар. Ваннаны өзім жасауға тура келеді, бірақ бұл қиыншылық тудырмайды, бәрі шешіледі «, — деді Ержігіт Хайрашев.
Көпбалалы әке өзінің арманын жүзеге асырып, балаларға арналған үй сатып алуға көмектескендерге үлкен алғысын білдіреді.