Орал тұрғыны қаржы жетіспеушілігіне байланысты бүйрегін сатпақ болған

33 жасар Орал тұрғыны материалдық жағдайы қиындап, бүйрегін 20 мың долларға (шамамен 8,8 млн теңгеге) сатпақ болды.

Вахталық әдіспен жұмыс істейтін ер адам халықаралық сайтқа трансплантациялау үшін ақшалай сыйақыға бүйрегін сататыны туралы хабарландыру жариялады. Оған Telegram каналы арқылы сайттың қызметкерлері байланысқа шығып, ортақ мәмілеге келу арқылы құны 20 мың АҚШ долларын құрайтын отаны Кения Республикасында жасауға келіскен.

Екі ай бойы ер адам медициналық орталықтарда тапсырған талдау нәтижелерін Telegram каналы арқылы жіберіп отырған. Сайт қызметкерлері оған жол жүру, Кенияға келу үшін электронды виза алуға 250 АҚШ доллары көлемінде ақша жіберген.

30 шілде күні полиция қызметкерлері А. есімді азаматты Алматы қаласындағы әуежайдың ұшу аймағынан ұстады.

Полиция аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 116-бабы 1-бөлігі «Тірі адамның ағзалары мен тiндерiн алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіп жатыр».

Қазақстанда органдарды сатуға тыйым салынады және трансплантациялау жасаудың жалғыз жолы — оның туысының өтеусіз қайырымдылығы немесе қайтыс болған адамның туыстарының келісімімен органды трансплантациялау.

Добавить комментарий