ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі пайдаланылмайтын оқ-дәрілерді жоюға кірісетінін хабарлады.
Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Мұрат Бектанов аппараттық кеңес өткізді, онда әскердің тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Оқ-дәрі қоймаларын тексеру барысы туралы Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясы бастығының баяндамасы қаралды. Инспекциялаудың аралық нәтижесі бойынша қазіргі уақытта шешілмеген негізгі мәселе түгендеу нәтижесінде әскери мүлік ретінде пайдаланылмайды деп танылған оқ-дәрілерді кәдеге жарату болып табылады.
Заң жүзінде оқ-дәрілерді кәдеге жарату жөніндегі жұмысты уәкілетті орган – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жүргізеді.
Бұл ретте оған ведомстволық бағынысты ұйымдардың оқ-дәрілерді жою бойынша мүмкіндігі шектеулі. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі пайдаланылмайтын әскери мүлікті қоймалар мен базаларда жылдар бойы сақтауға мәжбүр болады. Оқ-дәрілерді сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қорғаныс ведомствосы 2021 жылғы 30 қыркүйекте Үкімет қабылдаған № 964 қаулыны әзірледі.
Оған сәйкес Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, саперлердің күшімен пайдаланылмайтын оқ-дәрілерді қоймалардан әскери полигондарға шығару жұмысын ұйымдастырып, жоятын болады.