Қорғаныс министрлігі броньды танк техникасын бейбіт мақсатта қолдануды ұсынды

Қорғаныс министрлігі бейбіт уақытта әскери техниканы пайдалану туралы ұсыныс жасады.

Қазақстан әскері қос мақсаттағы компоненттерді дамытуда. Бұл туралы аппарат отырысында қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев мәлім етті.

Жиында армия соғыс уақытында ғана емес, сондай-ақ бейбіт уақытта да халықтың өмірі мен денсаулығын сақтау, төтенше жағдайларды жоюды қолдау үшін қолдануы мүмкін күштер мен құралдарды өрістету мәселесіне жеке тоқталды.

Пандемия кезеңінде қос мақсаттағы компоненттердің өте қажет екені іс жүзінде дәлелденді. Әлемде орын алған соңғы оқиғалар – өрт шығу, су басу, табиғи зілзала аясында олардың өзекті болып табылатыны расталды.

Министр мамандандырылған әскери-далалық, оның ішінде инфекциялық бейіндегі медициналық мекемелердің мүмкіндігін кеңейтуді, өрт сөндіруге арналған мүмкіндіктерді жетілдіріп, оларды көбейтуді тапсырды.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына ӘТК-ны пайдалану қажет.

Сонымен қатар, министр броньды танк техникасын қысқы уақытта қар тазалау жұмысында қолдану және ол үшін жөндеумен айналысатын әскери бөлімдер, цехтар, бөлімшелер күштерімен арнайы жабдық жасау мәселесін пысықтауға нұсқау берді.

«Армия әрқашан кез келген қиындықты еңсеруге, кез келген міндетті орындауға қабілетті болуға тиіс», — деді Нұрлан Ермекбаев.

Сондай-ақ жиында Қазақстан командаларының Армиялық халықаралық ойындарға дайындығы және әскери институттарда оқыту мәселелері талқыланды.

Добавить комментарий