
Қарағандыда заңсыз ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан адамдардың қылмыстық тобы әшкереленді. Полиция қызметкерлері қылмыстың жолын кескені туралы айтып берді.
Оның мүшелері үш жыл бойы жалған шот-фактуралар жазып берумен айналысқан.
Қарағанды облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың (ҰҚТ) қызметі әшкереленді, ол 2017-2020 жылдар аралығында Қарағанды аумағында жұмыстарын нақты орындамай және тауарларды жеткізбей жалған шот-фактура жазып берумен айналысқан, деп хабарлады Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі.
“Тергеу амалдары барысында жеті адамнан тұратын қылмыстық топ тіркеу орындарына арналған үй-жайларды іздестіріп, жалға алуды, контрагент-сатып алушыларды іздестіруді, сондай-ақ екінші деңгейлі банктерде ақшалай қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруды жүзеге асырғаны анықталды. Топтың қылмыстық әрекеті нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал сомасы 537 миллион теңгені құрады. Тергеу барысында бақылаудағы кәсіпорындардың жалпы сомасы 121,3 млн теңге ақша қаражатына тыйым салынды”, – делінген хабарламада.
2020 жылғы 27 желтоқсанда қылмыстық іс бекітілген айыптау актісімен сотқа жолданды.