Nur Otan Алматы мәслихатына үміткерлердің партиялық тізімін анықтады

Алматыда Nur Otan қалалық филиалының конференциясында мәслихатқа үміткерлердің партиялық тізімі жасалып, парламент мәжілісінің партиялық тізіміне үміткерлер белгілі болды.

Алматы мәслихатына қоғам қайраткерлері, азаматтық сектор өкілдері, БАҚ өкілдері кірді. Ең жас қатысушы — шахматшы Жансая Абдумалик.

Қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлердің арасында үш мемлекеттік қызметкер бар:

  • Шимашева Рахат Сейдахметқызы — Алматы қаласының әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы;
  • Торғаев Бекқали Нұрғалиұлы — Алмалы ауданының әкімі;
  • Әубәкіров Серік Ғабдоллаұлы — Алматы қаласы ТЖД басшысы.

Алматының аумақтық сайлау комиссиясынан хабарлағандай, егер мемлекеттік қызметкерлер партиялық тізім бойынша ұсынылса, үгіт-насихат кезінде олар негізгі лауазымда жұмыс істемеу үшін демалыс алуы тиіс. Егер олар мәслихат депутаты болып сайланса, онда жұмыстан босату туралы өтініш жазып, мемлекеттік қызметтегі жұмыс орнынан бас тартуы тиіс.

“Ең жоғары рейтингісі бар праймеризге қатысушылар қатарынан және филиал квотасын ескере отырып, қала мәслихатына бір орынға екі адам қағидаты бойынша 78 кандидаттан тұратын партиялық тізім түзілді. Тізімге белгілі қоғам қайраткерлері, азаматтық сектор өкілдері, БАҚ өкілдері кірді. Олардың ішінде көпбалалы ана Гүлжан Бекенова, праймериздің ең жас қатысушысы — шахматшы Жансая Абдумалик бар», — деп хабарлады Nur Otan орталық аппаратының баспасөз қызметі.

Талдау көрсеткендей, тізімдегі әйелдердің үлесі екі есе — 16-дан 35%-ға дейін, ал 35 жасқа дейінгі жастар алты есе — 2,7-ден 20%-ға дейін өсті. Үміткерлердің орташа жасы 8 жасқа – 52 жастан 44 жасқа дейін жасарды. Қызметтегі 29 депутаттың 16-сы ғана жаңа партиялық тізімге енді.

Тізімде ШОБ өкілдерінің үлесі басым – 41%, білім беру саласы – 14,1%, үкіметтік емес ұйымдар – 11,5%.

Nur Otan праймериздің бірінші кезеңін қорытындылады — дауыс беруге 662,6 мың партия мүшесі қатысты.

Конференция барысында мәжіліске партиялық тізімге үміткерлер арасында пікірсайыс өтті. 13 үміткердің ішінен партия мүшелері қалалық квотаға сәйкес жеті үміткерді таңдады.

Парламенттің төменгі палатасының депутаты Артур Платонов, Алмалы аудандық филиалының төрағасы Бекқали Торғаев, білім беру саласының өкілі Жұлдыз Досбергенова, қалалық Қоғамдық кеңестің өкілі Алтынай Көбеева, қоғам белсендісі және “Мен алматылықпын»қозғалысының жетекшісі Константин Авершин, жасотандық Мәди Ахметов және бизнес өкілі Шухрат Шардинов ең көп дауыс жинады.

Партияның баспасөз қызметі мәжілістің партиялық тізіміне үміткерлер де мәслихатқа үміткерлер тізіміне кіретінін, егер олар мәжілісмендер болмаса, қалалық депутаттардың орындарына үміткер бола алатынын айтты.

Партияның Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Конкуров атап өткендей, партияның қалалық сайлауалды бағдарламасы Алматыны дамытудың 12 драйвері мен праймериз кезінде тұрғындардан түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген.

Күні кеше осыған ұқсас Nur Otan конференциясы Шымкентте өтті, ал ертең, 12 қараша күні Нұр-Сұлтанда өтеді. Алматы, Қарағанды және Қызылорда облыстарында — 16 қараша күні өтеді. Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан, Атырау, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында — 17 қарашада өткізіледі.

Қалалық және өңірлік конференцияларда үміткерлер арасындағы пікірталастар праймериздердің екінші деңгейі шеңберінде өткізіледі.

Партияішілік іріктеудің бірінші кезеңіне 10 мың үміткер қатысты. Оның 37%-ы – әйелдер, 29%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш партия ұйымдарынан кандидаттардың 30%-ы ұсынылса, 70%-ы – өзін-өзі ұсынушылар. Үміткерлердің орташа жасы – 43 жас. Бұл ретте дауыс беруге 662 мыңнан астам партиялық қатысты.

Добавить комментарий