Қазақстандық өндірушілер өнеркәсіптік үлгілерге құқықтарды тіркей отырып, бірден сегіз елде патент алады.
Жаңа жүйе еуразиялық кеңістікте сауда қызметін жүзеге асыру шеңберінде өнеркәсіптік үлгілерге құқықтарды қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Сенат Еуразиялық патенттік конвенцияға өнеркәсіптік үлгілерді қорғау туралы хаттаманы ратификациялады.
Хаттамада өнеркәсіптік үлгілерге еуразиялық патенттерді құқықтық қорғау ерекшеліктері, оның қолданылу принциптері, өтініш берушілердің, құқық иеленушілердің құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ Еуразиялық патент ведомствосы жүзеге асыратын міндеттемелер мен өкілеттіктер көзделген.
Аталған заң жобасы патенттеудің өңірлік жүйесін жетілдіру мақсатында енгізіледі. Халықаралық патенттеу кезінде әрбір мемлекетте жекелеген өтінімдер беру және жекелеген баждарды төлеу қажеттілігі елеулі әкімшілік кедергі болып табылады. Қазақстандық өтінім берушілер үшін өңірлік жүйенің артықшылығы сегіз мемлекеттің аумағында бір мезгілде қорғау алу үшін Еуразиялық патент ведомствосына жүгінуге мүмкіндік береді, — деп түсіндірді әділет министрі Марат Бекетаев.
Айта кетейік, еуразиялық патенттеу жүйесінің қатысушылары: Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан және Түрікменстан.
Министрдің айтуынша, аталған жүйе еуразиялық кеңістікте сауда қызметін жүзеге асыру аясында өнеркәсіптік үлгілерге құқықтарды қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді және осы жүйеге қатысушы елдер үшін инвестициялық тартымдылықты арттыруға ықпал етеді. Бұдан басқа, өңірлік патент еуразиялық нарыққа бағдарланған отандық тауар өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейтеді.