Бүгінде драматургтер мен жазушылар қандай қиындықтарға тап болғанын, және олардың қазір ұлы тоқырау кезеңін бастан кешіп жатқаны туралы Дулат Исабеков айтып берді.
Жазушы-драматург Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1992). ҚР «Платинды Тарлан» сыйлығының лауреаты (2006) отанында ғана емес, бұрынғы Кеңес одағының бүкіл аумағында талайдың жүрегіне жол тапқан жиырмадан астам пьесаның авторы Дулат Исабеков қазіргі қазақ әдебиетінің қандай күйде екендігі туралы айтып берді.
Ол неліктен Кеңес өкіметінің қайта орнағанын аңсайтынын және қазіргі жазушылардың қандай қиындықтарға тап болғанын айтып берді.
«Шынымды айтсам, мен Кеңес қайта орнағанын аңсай бастадым… Ешқандай әділдік жоқ, жоспар жоқ, перспектива жоқ. Бұрын перспектива болатын. Қазір жазудың да мәні қалмады. Бұрын ынталандыру болатын, қазір түк жоқ, ал қазір жазушылар көшеде қалды. Егер менің бір кітабым Кеңес өкіметі тұсында шықса, қолыме 15-20 мың рубль түсетін. Бұл ақшаға көлік алса болады. Ал қазір не?!…», — деді Дулат Исабеков.
Оның айтуынша, қазіргі жазушылар бүгінгі негізгі проблемаларын бірінші кезекке қойып, перспективасынан айырылған.
«Қазіргі жазушыларды халық білмейді. Неге? Өйткені баяғыдағыдай әдебиет халық үшін оқиға болудан қалды. Халық оқырман емес, көрермен болып кетті. Халық күн көрудің мәселесімен айналысып жүр. Бұрын Қазақстан менің көз алдыма үлкен оқу залы сияқты көрінетін. Ең алғашқы кітабым 24 мың тиражбен шықты. Бұл қазіргімен қарасаң фантастика. Қазір жетпіске қараған, толысқан шағымызда кітаптарымыз 1000 данамен ғана шығады.. Елдегі оқырмандар бітті және біздің кітаптарымыз ешкімге керек емес сияқты. Елімізде оқырмандар жоқ және біздің кітаптарымыз ешкімге керек емес сияқты.
Тағы бір іш қынжылтатыны көрермендеріміздің сапасы төмендеп кетті. Бұрын Алматыда көрермендердің контингенті қалыптасқан болатын. Қазір жабайы экономика басталып, көшеде келе жатып асфальтқа түкіретін адамдар пайда болды. Ондай адамдар театрға барып мәз таппайды. Осындай көрермендер көбейіп келе жатқан кезде пьеса жазғың да келмей қалады екен. Бірақ ішіңде «жаз, жаз» деп тұрады. Тегін болса да, айыппұл салса да жазамын. Осы уақытқа дейін жазған дүнием үшін пәленше бер деп сұраған емеспін.
Жазушыларымыздың жағдайы нашарлап кеткені әдебиеттің сапасына әбден зиянын тигізіп жатыр. Меніңше, қазір әдебиет ұлы тоқырау кезеңін бастан кешіріп отыр. Әдебиеттің алтын ғасыры ХХ ғасыр өтіп кетті. Ресей, Америка, Франция үшін де дәл осындай», — деп қорытындылады жазушы.
Сондай-ақ, ол қазіргі уақыттағы шығармалардың төмен деңгейі, авторлардың лайықты нәрсе жазғысы келмейтіні туралы әңгімелейді.
«Жазушыларымыз бен драматургтерімізде іздену әлемінің шеңбері өте тар. Бір нәрсені естіп алса, асығыс-үсігіс жаза салуға дайын тұрады. Тақырыпты зерттеу, тарихына бойлау, сол кейіпкер өмір сүрген заманды сараптау деген еңбек жоқ. .
Мысалы, Мұқағали туралы бес пьеса жазылған. Енді олардың пьесасындағы көтерген мәселесіне қараңыз: Мұқағалидің үй ала алмауы, кітап шығара алмауы. Айналайын — ау, бұл драматургияға тақырып болады ма?
Бір әкім келіп үйін алып беріп, кітабын шығарып бере салды. Сонда Мұқағали образы осымен шектеледі ме? Егер ақынның трагедиясын жазғың келсе, оны ішкі жан дүниесінен, жазған өлеңдерінен іздеу керек», — деді Дулат Исабеков.
Одан кейін сыншы жоқ. Бұрын сыншылар жақсы-жаман болсын бетіне басып айтып тұратын.
Анықтама! Дулат Исабековтің пьесалары Қазақстан Республикасы мен ТМД елдері театрларының сахналарында қойылады. Повестер мен әңгімелер Мәскеуде және бұрынғы Одақтас республикаларда бірнеше рет жарық көрді. Жекелеген повестер мен әңгімелер неміс, болгар, мажар, чех тілдеріне аударылған.