Навальный Александр Сахаров сыйлығын алды

Еуропарламент алаяқтық жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйға Александр Сахаровтың «Ой еркіндігі үшін» сыйлығын табыс ету туралы шешім қабылдады.

Бұл туралы Азаттық радиосы өз дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады.

Сыйлық иегері ресми түрде 20 қазан кешкісін жарияланады.

Азаттық радиосы саясаткердің жеңіске жеткенін хабарлағаннан кейін, оны ұсынған Еуропарламент фракциясы да бұл туралы жариялады

Фото: Алаяқтық жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан ресейлік оппозионер Александр Сахаров сыйлығын алды

Сахаров сыйлығы – Еуроодақтың адам құқығы бойынша ең беделді сыйлығы. Навальныйдың кандидатурасын Еуропарламенттегі ірі фракция – Еуропа халық партиясы және депутаттар саны жөнінен үшінші фракция «Еуропаны жаңарту» партиясы ұсынған. Олар Навальныйға бұл сыйлықты «бостандық, демократия және адам құқығы үшін күрестегі ержүректігі» үшін беру керек деген.

Навальный былтыр уланып, Германияда емделіп шыққан соң Ресейге оралған. Ол Ресейге келе сала колонияға қамалған еді. Оппозиционер 2023 жылдың күзінде бостандыққа шығуы тиіс. Бірақ оның үстінен тағы бірнеше іс қозғалған.

Фото: Алаяқтық жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан ресейлік оппозионер Александр Сахаров сыйлығын алды

Өткен жылы Сахаров сыйлығын беларусь оппозициясының өкілдері, ал 2018 жылы Ресей аннекциялап алған Қырымда тұтқындалған украиналық режиссер Олег Сенцов алды. Сенцов Ресей түрмесінен шыққан соң Еуропарламентте сөз сөйлеген.

Навальный былтыр Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығына ұсынылған. Бірақ бұл жолы Нобель сыйлығын филиппиндік журналист Мария Ресса мен ресейлік журналист Дмитрий Муратов алды.

Сахаров сыйлығына үміткерлер қатарында Навальныйдан бөлек «теңдік пен адам құқықтары үшін батыл күрескені» үшін атап өтілген 11 ауған құқық қорғаушылар мен белсенділер және Боливияның бұрынғы президенті Жанин Аньес болды.

Добавить комментарий