НАТО әскерлерінің саны 7,5 есеге артады

НАТО жедел әрекет ету күштерінің санын 40 мыңнан 300 мыңға дейін бірнеше есеге ұлғайтатынын мәлімдеді. Осылайша, НАТО әскерлерінің саны 7,5 есеге артады.

Аталған процесс Ресеймен шекарада ауыр техника мен қару-жарақты алдын ала орналастыруды және шығыс қапталындағы нақты учаскелерді қорғау үшін НАТО күштерін орналастыруды қамтитын болады. Бұл туралы сәрсенбі күні НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг саммитте мәлімдеді.

«Жедел әрекет ету күштерін кеңейту мәселесіне келер болсақ, ол келесі жылы дайын болады деп отырмыз. Біз қазір шешім қабылдаймыз, ол келесі жылы дайын болады. Аталған күштер НАТО елдері тарапынан қаржыланады және ұйымдастырылады, олар өз елдерінде орналастырылады, бірақ нақты аумақтарды қорғауға арналады, — деді ол. — Сонымен қатар, ауыр қару-жарақ пен құрал-жабдықтар, сондай-ақ осы аумақтарда қоймалар орналастырылады».

«Арнайы елдер мен нақты аумақтарды қорғауға жауапты жедел әрекет ету күштері анықталады. Мәселен, қазір Германия Литваны қорғау үшін жеке бригадасын бөлді. Аталған бригада НАТО-ның басқа елдеріндегі сияқты шығыстағы нақты аудандарды қорғауға арналған. Олар онда жаттығып, жергілікті күштермен жұмыс істейді, сол аумақтағы іс-қимылдарға қажетті ауыр қару-жарақтар, қоймалар және өзге де заттар орналастырылады», — деді ол.

Столтенберг сондай-ақ саммиттің екінші күні басталар алдында мемлекет басшыларына «Украина президенті Владимир Зеленский жүгінетінін» хабарлады. «Саммитте Украинаға әскери көмектің жан-жақты бағдарламасы қабылданады», — деді ол.

Добавить комментарий