Нариман Әбілшайықов: «Пандемия Қазақстандағы электронды коммерцияның дамуына көмектесті»

Коронавирустық инфекция пандемиясы елімізде электронды коммерцияның дамуына көмектесті. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов мәлімдеді.

«Бірге күш сала отырып, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында сауда базарларын жаңғырту мерзімін 2023 жылға дейін қалдыру мәселесі шешілді. Бәрі де мұның қазіргі жағдайда қаншалықты маңызды шешім екенін түсінеді. Алайда, жағымды жақтары да бар. Пандемия электронды коммерцияның айтарлықтай өсуіне жол ашты және онлайн-сауданы ұлғайтты, әсіресе, B2C арналары арқылы (коммерциялық өзара қарым-қатынас схемасы, ред.)», — деді Нариман Әбілшайықов Сауда және интеграция министрлігінің алқа отырысында.

Оның айтуынша, аурудың өршуі және карантин кезінде интернет арқылы бөлшек сауда көрсеткіші едәуір артқан.

«Әсіресе, дәрі-дәрмек, үй тұрмысы заттары мен азық-түлік өнімдерінің сатылымы артты. «Қазпочта» АҚ мәліметінше, электрондық сауда нарығы 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында 435 млрд теңгеге жетті. Бұл бөлшек сауданың жалпы айналымының 9,4%-ын құрайды. 2020 жылдың соңында бұл көрсеткіш шамамен 900 млрд теңгеге жетті, 2022 жылға қарай 1,9 трлн теңге немесе жылдық ритейл көлемінің шамамен 13% жетеді деп жоспарланып отыр», — деп атап өтті спикер.

«Карантин кезінде қолма-қол ақшасыз төлем транзакцияларының өсімі байқалды. Ұлттық банктің мәліметінше, 2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша елдегі қолма-қол жасалмайтын операциялар 2,5 есеге өсіп, 26,7 трлн теңгеден асты», — деп түйіндеді Н. Әбілшайықов.

Добавить комментарий