
Ақтөбеде екі адамға найзағай түсті. Олардың біреуі қайтыс болса, екіншісі ауруханада жатыр.
«20 мамыр күні сағат 19:15-те Ақтөбе облысы ТЖД-нің кезекші-диспетчерлік қызметінің пультіне Ақтөбе, Белогорка ауылы, Мереке көшесі мекенжайы бойынша орналасқан үйдің ауданында екі адамға найзағай түскені туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына келгенде 2007 жылы туған бала найзағай соққысынан мерт болғаны анықталды», — деп хабарлады сенбі күні Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) баспасөз қызметі.
27 жастағы ер адам Ақтөбедегі жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілді.
«Қазіргі таңда оның жағдайы тұрақты», — деп атап өтті ТЖД.