Нұрлан Нығматулин 2021-2023 жылдарға арналған үш жылдық бюджет туралы пікір білдірді

Мәжіліс спикері 2021-2023 жылдарға арналған бюджет жобасының кемшіліктерін палатаның жалпы отырысында қаралғанға дейін жою қажеттігін атап өтті.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин үш жылдық бюджет жобасында қарастырылған семинарлар мен симпозиумдарға жұмсалатын шығындарды қысқартып, үнемделген ақшаны әлеуметтік қажеттіліктерге қайта бөлуге болатынын мәлімдеді, деп хабарлады мәжілістің баспасөз қызметі.

2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасы Nur Otan фракциясының отырысында талқыланды. Фракция жетекшісі Нұрлан Нығматулин Мемлекет басшысы мен Елбасы қойған міндеттерді бюджет толық көлемде шешуі тиіс екенін атап өтті.

«Бұл ретте біз коронавирус пандемиясының салдарынан әлемдік экономикада қалыптасқан күрделі жағдайды негізге алуымыз керек. Үш жылдық бюджет осы жағдайларды ескере отырып қалыптастырылуы тиіс», — деп атап өтті Нұрлан Нығматулин.

Депутаттар консалтингтік қызметтерге, түрлі семинарлар, конференциялар, симпозиумдар өткізуге бөлінген қаражаттың бір бөлігін неғұрлым маңызды бағыттарға қайта бөлуді ұсынды. Мәжіліс төрағасы қазіргі заманғы байланыс құралдары көптеген іс-шараларды, соның ішінде халықаралық шараларды көп шығынсыз тиімді өткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Семинарлар, конференциялар және басқа да іс-шараларды өткізуге жұмсалатын шығындарды қиындықсыз қысқартуға болады. Бұл қаражатты неғұрлым маңызды әлеуметтік мәселелерге қалай қайта бөлу керектігін ойластыру керек», — деді Нұрлан Нығматулин.

Депутаттар Президенттің тапсырмасын орындау үшін үш жыл ішінде ауылдарды фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Депутаттарды үкіметте әлі күнге дейін мұндай медициналық пункттерге өңірлердің нақты қажеттілігі туралы деректердің жоқтығы және қаралып отырған үш жылдық бюджетте оларды құру үшін нақты қаржылық ұсыныстардың болмауы алаңдатады.

Мәжіліс Спикері бұл мақсаттарға, мысалы, квазимемлекеттік сектор игермеген және қазынашылық шоттарда жатқан қаражаттың бір бөлігін осы бағытқа қайта бөлуге тиіс екенін атап өтті. Қыркүйек айының соңында ҚАБШ-да 78 млрд теңгеден астам қаражат бар. Мәжіліс депутаттары атап өткендей, бұл ақшалар экономикаға жұмыс істемейді және бюджеттің кіріс бөлігін толықтырмайды.

Депутаттар сондай-ақ ауылдағы сумен қамтамасыз ету жобаларын қаржыландыруға арналған шығындарды ұлғайтуды ұсынды. Мәжіліс спикерінің пікірінше, ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету бюджеттің басым бағыттарының бірі болуы тиіс. Нұрлан Нығматулин үш жылдық бюджет жобасының барлық кемшіліктерін Мәжілістің жалпы отырысында қаралғанға дейін жою керектігін айтты.

Добавить комментарий