Нұрлан Ноғаев: коронавирусқа қарсы вакцина экономикаға әсер етеді

Қазақстанның энергетика министрі коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина адамзатқа экономиканы қалпына келтіруге көмектесетінін айтты.

Коронавирусқа қарсы вакцина экономикалық дамуды қалпына келтіруге көмектеседі. Бұл туралы ҚР энергетика министрі Нұрлан Ноғаев ОКҚ брифингінде мәлім етті.

Министр мұнай мен газ биржалық тауарлар болып табылатынын және әлемде болып жатқан барлық өзгерістер мұнай мен газдың бағасына әсер ететінін атап өтті. «Біз ірі мемлекеттер басшыларының мәлімдемелері немесе қандай да бір тұжырымдамалық шешімдер қабылдау бағаның қалыптасуына тікелей әсер ететініне көз жеткізе аламыз. Алыпсатарлық деп аталатын факторлар уақытша. Сонымен қатар, резервуарлардың толып кетуіне және кен орындарының тоқтап қалуына жол бермеу үшін өндіріс көлемі 5 млн тоннаға дейін азайттық. Бұл ОПЕК + келісімі аясындағы қажетті шара болды. Біз бүгінге дейін өз келісімдерімізді ұстанып келеміз. Мұнай-газ саласының сарапшылары көптеген елдерде әзірленіп жатқан коронавирусқа қарсы вакцина жақсы нәтижесін беріп, экономикалық даму қалпына келеді деп күтеді. Адамдардың қажеттілігін күнделікті қанағаттандыру үшін экономикалық қозғалыс, ұшақтардың, автокөліктердің қозғалысы жандануда», — деді Н.Ноғаев. Нұрлан Ноғаев қарашаның ортасында өткен ОПЕК елдерінің министрлік кездесуінде мұнай-газ саласының дамуына әсер ететін барлық тәуекелдер талқыланғанын атап өтті. Сондай-ақ, алдағы 1-2 желтоқсанда өтетін ОПЕК+ кеңейтілген құрамдағы кездесуінде мұнай өндіруге арналған ағымдағы квоталарды ұзарту немесе өндіруді жоспарлы түрде ұлғайту туралы мәселе талқыланады деп шешім қабылданды.

Добавить комментарий