«АстанаЭнергоСбыт» компаниясының хабарлауынша, олардың жылыту үшін төлем тарифін ұлғайту туралы талабы компания шеккен орасан зор шығындардан туындап отыр. Олардың пайда болу себептері тексерілетіні туралы айтылмады.
Қоғамдық тыңдау кезінде «Астанаэнергосбыт» ЖШС бас директорының қаржы жөніндегі орынбасары Жанна Гислер 2021 жылы тарифтің жобалық шекті деңгейінің өсімі бір гигакалория үшін 878,84 теңгені құрайтынын мәлімдеді. Бұл қолданыстағы тарифпен салыстырғанда 30%-ға артық.
«Осы жылдар ішінде елімізде тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің бағасы айтарлықтай көтерілді. Еліміз бойынша, соның ішінде Нұр-Сұлтандағы орташа жалақы деңгейі өсті. Сондықтан серіктестік өткізу үстемақысының мөлшерін қайта қарауға өтініммен шықты», — деп мәлімдеді Жанна Гислер.
Жанна Гислердің айтуынша, монополист компания жылу энергиясының қолданыстағы тарифтерінің салдарынан «Астана-Энергия» және «Астана-Теплотранзит» АҚ кәсіпорындары алдындағы қарызы артып келеді.
«2016 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың тамызына дейін сараланған тарифтерді қолданудан нақты алынған шығын 806,1 млн теңгені құрады. 2020 жылғы қыркүйектен желтоқсанға дейінгі болжамды шығын 196,8 млн теңгені құрайды. «Астанаэнергосбыт» ЖШС 2016-2020 жылдарға бекітілген тарифтің шекті деңгейінің қолданылу кезеңінде бір млрд теңгеден астам шығынға ұшырайды», — деп хабарлады компанияның бас директорының орынбасары.
Жанна Гислердің айтуынша, жылумен жабдықтау тарифтерінің өсуінің тағы бір себебі 2016-2020 жылдарға бекітілген тарифтердің ағымдағы шекті деңгейлерінің аяқталуы болып табылады.
2022 жылы тарифтердің өсімін бұрынғыдан 5%-ға, яғни 2020 жылға қарағанда 35%-ға ұлғайту жоспарлануда.
Жанна Гислердің айтуынша, егер тарифтерді ұлғайту бойынша ұсынылып отырған жоба бекітілсе, кәсіпорын қызметкерлеріне жалақы көтеріледі. «ЭКСПО-ЭнергоСбыт» компаниясында кадрлардың ағымы мәселесін осылайша шеше алады деп есептейді.
«Бекітілген тарифтік сметадағы жалақы деңгейі бірнеше жыл бойы қайта қаралмағандықтан, 2021 жылға арналған жобада бір қызметкерге орташа айлық жалақы 133 мың теңгені құрайды. Қазір қызметкердің жалақысы 77 мың теңгені құрайды. Осылайша, өсім 72%-ды құрайды», — деп “АстанаЭнергоСбыт” ЖШС хабарлайды.
Жылу энергиясының тарифін арттыру жобасы бір ай ішінде қаралатын болады.