Нұр-Сұлтанда Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысы өтті

Мемлекет басшысының баспасөз қызметі Нұр-Сұлтанда Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысы өткенін хабарлады.

Отырыс барысында Президент шикізаттық емес экспортты ұлғайту үкіметтің күн тәртібіндегі маңызды мәселе екенін атап өтті. Оның пікірінше, экспортқа қатысты кедергілерді жою, экспорттың географиясы мен номенклатурасын кеңейту, ұлттық экономикалық мүдделерді қорғау үшін бүкіл Үкіметтің күш-жігерін талап етеді.

СІМ мен оның шетелдегі мекемелері экспортты ілгерілету, нарықтарға жол ашу және кедергілерді жою жөніндегі жұмыстарға белсенді атсалысуы тиіс

«Қазақстаннан Қытайға жүк әкелуге қойылған шектеулерге қатысты қордаланған мәселе ұзақ уақыттан бері шешілмей келеді. Транзиттік жүктер өтеді, ал біздің жүктеріміз шекарада қалып қояды. Қазақстандық тауарлар тиелген мыңдаған вагон бекеттерде тұр. Бизнес тікелей Президенттен көмек сұрайды. Мұндай жағдайларда Үкімет жедел әрекет етіп, серіктестермен арадағы барлық мәселені реттеуі тиіс», — деп атап өтті Тоқаев.

Бұған дейін Қытай Қазақстан аумағында тұрып қалған азық-түлік жүктері бар жабық вагондарға қатысты шұғыл шаралар қабылдап, жүк пойыздарын қабылдауды ұлғайтады деп хабарланған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, қараша айында COVID-19 таралуына байланысты Қытай тарапынан жүктерді қабылдау және қайта тиеу кезінде бақылау шараларын қатаңдатқан. Осының салдарынан Қазақстаннан келетін пойыздарды шекаралық бақылау уақыты ұлғайды. Мұның бәрі тауарларды кең табанды вагондардан тар табанды вагондарға қайта тиеуді уақтылы қамтамасыз етпеуіне әкелді.

Добавить комментарий