Нұр-Сұлтанда реформалар жөніндегі кеңестің бірінші отырысы өтті

Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бірінші отырысына Қазақстан президентінің жаңа кеңесшісі сэр Сума Чакрабарти қатысты. Естеріңізге сала кетейік, ол сонымен қатар Өзбекстан президентінің кеңесшісі.

Анықтама! Чакрабарти Оксфорд Жаңа колледжін бітірді (саясаттану, философия және экономика), Сассекс университетінде экономикалық даму саласында магистр дәрежесін алды. Марапаттардың ішінде ел азаматтарына «ұлтты дамытуға қосқан зор үлесі үшін» (жоғары — рыцарлық — дәрежесі бар) берілетін Британ империясының ордені бар. Чакрабарти — Сассекс және Шығыс Англия университеттерінің, сондай-ақ Бухарест экономикалық зерттеулер академиясының құрметті ғылым докторы.

Жиында Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің мүшелері баяндама жасады: Президенттің кеңесшісі — реформалар жөніндегі жоғары кеңес төрағасының орынбасары Сэр Сума Чакрабарти, Премьер-министр Асқар Мамин, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Келімбетов, сондай-ақ беделді шетелдік сарапшылар — Андрес Веласко, лорд Френсис Мод және лорд Филлип Хаммонд.

Мемлекет басшысы Кеңес мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде ел азаматтары жаңашылдық тәсілдер мен жаңа шешімдерді күтетінін, оларды әзірлеуде Реформалар жөніндегі жоғары кеңес маңызды рөл атқаруы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, Кеңес ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға қатысты күрделі мәселелер бойынша шешімдер қабылдайтын болады.

Кеңес қызметі басқа консультативтік-кеңесші органдардан түбегейлі ерекшеленуі тиіс екенін баса айта отырып, Президент қазіргі мәселелер мен міндеттер туралы ашық айту, «өткір бұрыштарды» немесе «су асты тастарын» айналып өтпеу қажеттігі туралы мәлімдеді.

Деректерді тізіп, қалыптасқан жағдайды сипаттаумен шектелуге болмайды. Бастысы – уақытылы шешім қабылдау. Кеңес іс жүзінде жүзеге аспайтын, алдын ала әзірленген ұсыныстарды құптап қана отырмауы тиіс. Кеңес мекемеаралық ұзақ дауларға нүкте қоюы керек. Кеңестің міндеті — ұлттық экономиканы басқаруда, қоғамдық дамуда, институционалдық реформаларда жаңа бағдар ұсыну. Әрине, ағымдағы жұмыстың барысын бақылау керек, — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Кеңестің келесі отырысы аясында мемлекеттік жоспарлау жүйесіне қатысты жаңа тәсілдерді қарастырып, осы мәселе бойынша шешім қабылдауды ұсынды.

Біз әрбір салада мемлекеттің мақсаттары мен даму кезеңдерін айқындайтын бағдарламалық құжаттардың икемді архитектурасын құруымыз керек. Жүйе бюджетті жоспарлаумен байланыстырылады және мемлекеттік органдар басшыларының жүктелген міндеттің орындалуына тікелей жауапты екенін бекітеді. Жоғары кеңестің шешімдерінің орындалуын, ұлттық жобалардың жүзеге асырылуын, реформаларды жобалық басқару қағидаттарының енгізілуін қамтамасыз ету маңызды. Қазіргі кезеңде бұл – Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің негізгі міндеті, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев орта мерзімді перспективадағы іс-қимылдарға негіз болуға тиісті Ел дамуының 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарына назар аударды, және аталған құжатта дамудың жаңа күн тәртібі жасалады деп қосты.

Мемлекет басшысы Үкімет Стратегиялық жоспардың алдын ала нұсқасын әзірлегенін, оны енді ЦДИАӨ-мен бірлесіп пысықтап, Жоғары кеңес мүшелерімен талқылау қажеттігін, ал оның қорытынды нұсқасын келесі отырыста премьер-министр ұсынатынын атап өтті.

 

Добавить комментарий