«Нұр-Сұлтандағы медициналық мекемелердің жұмысы COVID-19 екінші толқыны болған жағдайында күшейтіледі», — делінген хабарламада.
Әкімдікте қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының есеп беру жиыны онлайн режимінде өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкен, Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі М. Шоранов, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов, қалалық және жеке медициналық ұйымдардың бірінші басшылары қатысты.
Тимур Мұратов өз баяндамасында елордада негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер жақсарғанын атап өтті. Өмір сүру ұзақтығы өсіп, қан айналымы жүйесінің ауруларынан, қатерлі ісіктерден, жарақаттардан, жазатайым оқиғалардан және уланудан болатын нәресте өлімінің төмендеуі байқалады.
Сондай-ақ, эпидемиологиялық жағдай бойынша мәселелер қозғалды. 23 қазандағы жағдай бойынша коронавирустық инфекциямен сырқаттанудың 20 жаңа жағдайы анықталды.
«Бүгінде КВИ-мен ауырған жұқпалы аурулар стационарларында 94 науқас, карантинде – 148 науқас бар. Пандемия басталғаннан бері 13 701 науқас сауығып, 318 адам коронавирустан қайтыс болды. Күн сайын қаладағы эпидемиологиялық жағдайды бақылау жұмыстары жүргізіледі», — деді басқарма басшысы.
Жиынға қатысушыларға елордада COVID-19 қайталанған жағдайдағы дайындық туралы баяндалды. Қала әкімдігі мен басқарма медициналық ұйымдар үшін қосымша жабдықтар сатып алды.
«15 зертхана жұмыс істейді, олардың тәуліктік қуаты 10 мыңнан астам зерттеу мен қуаттылығы 1440 зерттеу болатын қосымша 9 изотермиялық зертхана сатып алынды», — деп атап өтті Тимур Мұратов.
Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкен емханаларда халықпен жұмысты күшейтуді тапсырды.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет жүйесі бізден басталады. Пациенттермен неғұрлым мұқият байланыс орнатып, халықтың денсаулығына мұқият болу қажет. Жыл соңына дейін уақыт береміз, егер жұмыс жақсармаса, қатаң шаралар қабылданатын болады», — деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.
Сондай-ақ, елорда әкімінің орынбасары дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшылығына жол бермеуге назар аударды. Бұл мәселе қала басшылығының ерекше бақылауында.