2013 жылдан бастап елорда әуежайының уақытша сақтау қоймасында үш ұшқышсыз ұшу аппараты мен құрылғыларымен бірге аэростат жатқан. Сарапшылардың бағалауы бойынша олардың құны жарты миллиард теңгені құрайды, олар жұмыс жағдайында және әлі де пайдалануға жарамды.
Бас көлік прокуратурасы заттардың табылғаны туралы хабарлап, ведомство жүргізген тексеріс пен оның нәтижелері туралы айтып берді.
Нұр-Сұлтан қаласының авиациялық көлік прокуратурасы «Астана Әуежай» кеден бекетінің уақытша сақтау қоймасынан 3 дана ұшқышсыз ұшу аппараттары мен құрылғыларымен бірге аэростат тапты.
Прокурорлық тексеріс көрсеткендей, құны 548 686 648 теңге болатын аталған аппараттардан қабылдаушы тарап бас тартқан соң, 2013 жылы осы жерге жеткізілген.
Мамандардың алдын ала қорытындысы бойынша жабдық әлі де пайдалануға жарамды және азаматтық авиацияда қолдануға болады.
Алайда, уәкілетті органдар 2013 жылдан бастап тауарларды иесіз деп тану және оларды мемлекет кірісіне айналдыру жөнінде ешқандай шара қабылдамаған.
Авиациялық прокуратураның талап-арызы бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы Есіл аудандық сотының шешімімен ұшқышсыз ұшу аппараттары мен аэростат иесіз деп танылып, мемлекет кірісіне алынды.
Осылайша, мемлекет өз активіне құны жарты миллиард теңгеден асатын жабдықты алды.