Нұр-Сұлтанда Nur Otan қалалық филиалының конференциясында мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі жасалды, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтанда Nur Otan қалалық филиалының конференциясында мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі жасалды, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.
«Ең жоғары рейтингі бар праймеризге қатысушылар қатарынан және филиалдың квотасын ескере отырып, елорда мәслихатына 62 үміткердің партиялық тізімі жасақталды. Тізімдегі әйелдердің саны 20-ден 30%-ға дейін, ал 35 жасқа дейінгі жастардың саны 0-ден 22,5%ға дейін өсті. Кандидаттардың орташа жасы тоғыз жасқа — 52 жастан 43 жасқа дейін жасарды», — делінген хабарламада.
Нұр-Сұлтан мәслихатының қызметтегі 25 депутатының ішінде жаңа партиялық тізімге небәрі бес адам енді. Кандидаттардың көпшілігі — шағын және орта бизнес (32,2%), білім беру (20,9%) және денсаулық сақтау (11,4%) өкілдері.
Конференция барысында парламент мәжілісінің партиялық тізіміне кандидаттар арасында пікірталастар өтті. 10 үміткердің ішінен партия мүшелері қалалық квотаға сәйкес бесеуін таңдады.
Балалар ауруханасының меңгерушісі Лариса Павловец, «Атамекен» ҰКП өкілі Алмат Жүнісов, «Халықаралық жаһандық әйелдер көшбасшылығы» ҚБ басшысы Ханзада Балтаева, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкері Расул Медетов және бизнес өкілі Бауыржан Исабаев ең көп дауыс жинады.
Филиал төрағасы, елорда әкімі Алтай Көлгінов атап өткендей, қаланың сайлауалды бағдарламасы азаматтарға жайлы тұрмыс жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған нақты мақсатты индикаторларға негізделген.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы — тұрғындар мен билік арасындағы тұрақты диалог. Біздің міндетіміз — азаматтардың мәселелерін естіп және көріп қана қоймай, ең бастысы оларға дұрыс және жедел жауап беру. Сондықтан қалалық сайлауалды бағдарлама праймериз кезінде тұрғындардан түскен ұсыныстарды ескере отырып пысықталды», — деді Алтай Көлгінов.