Нұр-Сұлтан әкімдігі мұқтаж жандарға қолдау көрсетілгенін хабарлады

Нұр-Сұлтанда мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттерін тарату жалғасып жатыр. Акция «Қайырымды іс» марафоны аясында өткізілуде.

Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жыл басынан бері елордада «Қайырымды істер» марафоны өткізіліп, оның аясында мұқтаж жандарға барлық көмек пен қолдау көрсетіліп келеді. Ал қасиетті Рамазан айында 4 мың отбасыға азық-түлік себеті таратылады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов бизнесмендерді, ірі кәсіпорындардың басшылары мен топ-менеджерлерді «Қайырымды істер» марафоны аясында өтетін акцияларға белсенді қатысуға шақырған болатын.

Мұқтаж жандарға көмек қолын созуға қала тұрғындары да жәрдем еткен. Мысалы, қыстыгүні қала тұрғындары мен еріктілері жалғыз тұратын қарт кісілердің аулаларының қарын күреп, оларға азық-түлік, дәрі-дәрмек алуына көмектесті.

Қасиетті Рамазан айында «Қайырымды істер» марафоны жалғасын тапты — 4 мыңнан астам әлеуметтік аз қамтылған отбасыға азық-түлік себеті тапсырылады. Әлеуметтік акцияны «Халық» қайырымдылық қоры, Болат Өтемұратов қоры және т.б. қолдады.

Добавить комментарий