
ҚР ОСК ұсынған алдын ала мәліметтерге сәйкес, Нұр Отан партиясы парламенттік сайлауда ең көп дауыс жинады. Саяси күш дауыс берушілердің 71,09%-ын алды.
“Алдын ала нәтижелерге сәйкес, 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауындағы дауыс берушілердің дауыстары былайша бөлінді: “Nur Otan” партиясы үшін – 71,09%, Қазақстанның “Ақ жол” демократиялық партиясы үшін – 10,95%, Қазақстан Халық партиясы үшін – 9,1%, “Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясы үшін – 5,29%, “ADAL” саяси партиясы үшін – 3,57%. Партиялық тізім бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауының түпкілікті нәтижелерін Орталық сайлау комиссиясы өз отырысында аумақтық сайлау комиссиялары хаттамаларының түпнұсқалары негізінде белгілейді”, – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина.
10 қаңтарда Қазақстанда ҚР Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауы өтті.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметтері бойынша, 10 қаңтар күні сағат 22:00-де Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауына сайлаушылар тізіміне енгізілген 63,3% қазақстандық қатысты.