Отырыс барысында Елбасы өткен бес жыл ішінде партия өзінің сайлауалды берген уәделерінің басым бөлігін орындағанын атап өтті.
Фракция отырысында «Nur Otan» партиясының «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасының орындалуы туралы Үкіметтің есебі тыңдалды.
«Пандемияға және оған байланысты әлемдік экономиканың 4,4%-ға, ал кейбір дамыған елдерде 10%-ға дейін құлдырауына қарамастан, біз тиімді жұмыстың және Ұлттық қор қаражатының арқасында мұндай күрделі жағдайларды айналып өте білдік», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті соңғы бір жылда партияны «қайта жандандыру» бағытында ауқымды жүйелі жұмыс атқарылғанын атап өтті.
«Біз алғаш рет праймериз өткіздік. Оның қорытындысы бойынша аудандық, қалалық және облыстық деңгейлерде іріктеуден өткен 77 үміткер Саяси кеңестің шешімімен партия Съезге ұсынылып отыр. Праймериз тәртібіне сәйкес бүгін 49 үміткерді орталық квота бойынша партиялық тізімге енгізу туралы шешім қабылдау қажет. Халықтың қатысуымен 216 өңірлік сайлауалды бағдарлама жан-жақты талқыланып, қабылданды. Онда жұртшылық тарапынан келіп түскен 17 мыңнан астам ұсыныс ескерілді», — деді партия төрағасы.
Сондай-ақ Елбасы праймеризге қатысушылар мен онда жеңіске жеткен азаматтарға тоқталды.
Праймеризге қатысушылардың үштен бір бөлігі және партиялық тізімге енген әрбір бесінші адам – жастар өкілі. Партиялық тізімнің 30 процентін әйелдер құрайды. Сонымен бірге партия тізімдерінде көп балалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, бизнес өкілдері, жұмысшылар мен қызметкерлер бар. Праймеризге қатысқан партияның әрбір үшінші жаңа мүшесі жеңіске жетті. Осылайша, біз «Nur Otan» партиясының жұмысын жүйелі түрде қайта жандандыруды аяқтадық, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Бюро мен Саяси кеңес отырыстарының қорытындысы бойынша «Nur Otan» партиясының ХХ съезіне партияның 126 кандидаттан құралған тізім ұсынылады.