Ұн биржалық тауарлар тізіміне кірмеді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған шешіміне сәйкес ұн биржалық тауарлар тізіміне енгізілмеді.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин Президентке екі базалық бағыт пен 33 негізгі жоба кіретін Бәсекелестікті дамыту жөніндегі әзірленген ұлттық жоба туралы баяндады. Аталған жобалар сауда биржасы нарығындағы, электр энергиясы, ауылшаруалығы тауарлары, көлік, байланыс, ІТ қызмет салаларындағы кедергілерді жойып, оның жалпыға теңдей қол жетімді болуын қамтамасыз етеді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа сауда биржасы жүйесінің іске қосылғаны туралы айтылды. 2021 жылдың 25 наурыз күні битумның саудасы басталған. Ал 31 наурызда жанар-жағармай, сәуір айының басында көмір саудаға түсе бастайды. Бұл өз кезегінде нарықтың ашықтығын қалыптастырып, оған болжам жасау тиімділігін арттыра түседі және нақты нарық бағамын алуға мүмкіндік береді. Жақын арада Қазақстан Республикасы Биржа комитетінде Ахуал орталығы жұмыс істей бастайды. Мемлекет басшысы ұн нарығының ерекшелігін және оның экспорттық әлеуетін ескере отырып, ұнды биржалық тауарлардың тізіміне қосуға ерте деп шешті.

Серік Жұманғарин Мемлекет басшысының жерасты жолдарының қол жетімділігіне талдау жүргізу жөніндегі тапсырмасын орындау барысында вагондарды қалыптастыруды, темір жолдарды жөндеу мерзімдерін реттейтін қағидалар әзірленгенін, осы аптада монополияға қарсы комплаенс актісі жасалатынын, сондай-ақ, барлық жолдарға балама тасымалдаушыларды жіберу қамтамасыз етілгенін айтты.

Қазіргі уақытта Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Богатырь Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, «Эйр Астана» акционерлік қоғамына, «Скат» акционерлік қоғамына қатысты, сондай-ақ, дәрілік заттар нарығындағы монополияға қарсы тергеулер жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы бәсекелестік қорғау жөніндегі жаңа заң жобасымен танысты.

Президент бәсекелестікті одан әрі дамытуға, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды жақсартуға, дәрілік заттар мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтарын реттеуге қатысты бірқатар тапсырма берді.

Добавить комментарий