Молдовада елордалық полицейлер оппозиция өкілдері қала орталығында орнатқан шатыр қалашығын бұзды.
NewsMaker басылымының хабарлауынша, Кишиневте полиция мен карабинерлер 16 қазан күні кешке оппозициялық «Шор» партиясы орнатқан шатыр қалашығын бұзған.
16 қазанда Кишиневтің орталығында «Шор» партиясының жақтастарының кезекті наразылық шарасы өтті. Наразылыққа қатысушылар Штефан Маре бульварының жүріс бөлігінде шатырлар орнатты.
Кешкісін полицейлер оларды алып тастады. Сондай-ақ, парламент ғимараты мен президент әкімшілігінің алдында тігілген шатырлы қалашықты да бұзды.
Полицейлер шатырларды бұзып жатқанда, наразылық білдірушілер «Біз берілмейміз», «Майя Санду кетсін» деп айқайлады.
Полицияның Бас инспектораты наразылық акциясы барысында көптеген бұзушылықтар тіркелгеніне байланысты осындай әрекетке барғанын түсіндірді. «Тәртіп сақшыларына қатысты бірнеше арандатушылық және жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған әрекеттер тіркелді», — делінген мекеменің баспасөз хабарламасында.
Полицияның мәліметінше, наразылық шарасына мас күйде болған адамдар келген. Қауіпті заттарды әкелгендер де болды: пышақ, хирургиялық қайшылар, ағаш және т.б.
«Олардың әрекеттері тәртіпсіздіктерді тудыруға және қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруге бағытталды және Ұлы Ұлттық жиналыс алаңында басқа іс-шаралар жоспарланғанын пысқырмады. Сонымен қатар, балалар да қатысқан», — деп мәлімдеді полиция.
Еске сала кетейік, «Шор» партиясының жетекшісі Илан Шор «миллиардтаған қаражат жымқырғаны» үшін оған қатысты қылмыстық іс қозғалған, қазір ол шетелде жүр. Өз партиясының митингілері кезінде ол бейнетрансляция арқылы сөз сөйлейді.
«Шор» партиясы ұйымдастырған наразылық шараларына қатысушылар мерзімінен бұрын сайлау өткізуді және РФ-мен газ бағасын төмендету туралы келісімке келуді талап етуде.