Мюнхен қауіпсіздік форумының басшысы Вольфганг Ишингер қызметінен кетеді, алайда қамқоршылық кеңесінің төрағасы болып қала береді.
Оның орнына ГФР-дың БҰҰ жанындағы бұрынғы тұрақты өкілі Кристоф Хойсген келеді, ол ақпан айында жаңа қызметіне кіріседі.
Бұл туралы жексенбі күні Вольфганг Ишингер Handelsblatt газетіне берген сұхбатында хабарлады.
«Конференцияда басшылықты жастардың қолына тапсыратын кез келді. Осыған байланысты мен қамқоршылық кеңеске Мюнхен конференциясы төрағалығын Кристоф Хойсгенге сеніп тапсыруды ұсындым», — деді Ишингер, ол 2008 жылдан бері беделді форумды басқарып келген. «Оған 2022 жылғы ақпанда өтетін конференциядан кейін өкілеттік беріледі. Мен өзім қамқоршылық кеңестің төрағасы болып қала беремін», — деді форум басшысы.
Хойсген Ангела Меркельдің жақын серіктесі болып келеді. 2005-2017 жылдары аралығында оның қауіпсіздік саясаты мәселелері жөніндегі кеңесшісі болды. Содан кейін ГФР-ның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі болып тағайындалды, биыл қыркүйек айында оның орнына Антье Лендертсе келді.
Анықтама! Мюнхен конференциясын 1962 жылы неміс публицисті Эвальд фон Клейст НАТО-ға мүше елдердің қорғаныс ведомстволары өкілдерінің отырысы ретінде құрды. 1999 жылдан бастап оған Орталық және Шығыс Еуропа мемлекеттерінің саясаткерлері мен әскерилері, сондай-ақ бизнес өкілдері қатыса бастады. Форум шеңберінде дәстүрлі түрде саясаткерлердің бейресми және жеке кездесулері өтеді. 2021 жылы коронавирус пандемиясына байланысты қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясы виртуалды форматта өтті.