Мэриленд штатының экс-губернаторы Ларри Хоган келесі жылы өтетін Республикалық партиядан АҚШ президенттігіне кандидат болмайтынын мәлімдеді.
«Бұл қиынға соқты, бірақ мен республикашылдардан президенттікке кандидат ретінде қатыспаймын деген шешім қабылдадым», — деді саясаткер жексенбі күні CBS журналистеріне берген сұхбатында. Хоган республикашылдар арасындағы сайлауалды доданың ықтимал қатысушыларының бірі болған. Ол АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трампты бірнеше мәрте сынға алған.
Экс-губернатор Трамп қазір АҚШ-тың жоғары мемлекеттік лауазымына кандидат республикашылдар арасында ең көп қоғамдық қолдауға ие екенін мойындады. Сонымен қатар, Хоган алдағы айларда жағдай өзгеруі мүмкін екенін атап өтті. «Ол сауалнамаға сәйкес көш бастап тұр, оған ешқандай күмән жоқ, ол мықты қарсылас. Бірақ саясатта бір жыл — бұл мәңгілік, ал алғашқы сайлау бір жылдан кейін басталады. Сондықтан, бүгінгі таңда көріп отырғанымыз бір жылдан кейін өзгеруі мүмкін деп ойлаймын», — деп есептейді экс-губернатор.
Анықтама! АҚШ-та келесі президент сайлауы 2024 жылдың қарашасында өтеді деп жоспарлануда. Трамп 2022 жылдың қарашасында өз кандидатурасын ұсынғанын мәлімдеді. АҚШ-тың БҰҰ-дағы бұрынғы тұрақты өкілі Никки Хейли де АҚШ президенттігіне республикашылдардан кандидат болатынын мәлімдеді.
Американың қазіргі президенті Джо Байден қайта сайлауға түсетінін айтты. Сонымен қатар, ол жаңа сайлауалды кампаниясының басталғанын әлі мәлімдемеді.