Минск соты польшалық “Белсат” телеарнасының екі журналистін қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған әрекеттерді ұйымдастырды деген айыпппен екі жылға бас бостандығынан айырды.
Бұл туралы бейсенбі, 18 ақпан күні Беларусь журналистер қауымдастығы (БЖҚ) хабарлады.
Беларусияда аккредиттелмеген «Белсат» телеарнасының қызметкерлері — Дарья Чульцова мен Катерина Бахвалова (Андреева) өткен жылдың 15 қарашасында Минскідегі аулалардың бірінде наразылық білдірушілерді күшпен басқан тәртіп сақшыларын тікелей эфирге түсірді, содан кейін ұсталып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғады. Мемлекеттік айыптаушы соттан оларды екі жылға бас бостандығынан айыруды және жалпы режимдегі колонияда өтеу жазасын тағайындауды сұрады.
«Дарья Чульцова мен Екатерина Андреева екі жылға бас бостандығынан айырылды. Мұндай шешімді Минск қаласы Фрунзе сотының судьясы Наталья Бугук қабылдады», — делінген БЖҚ сайтында.